Елордалық «Астана» футбол клубы екі күннен кейін еурокубоктағы тағдырын шешеді. Конференциялар лигасы бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Тиранада өткен кездесуде Рамазан Кәрімов соққан жалғыз голдың арқасында минималды жеңіске жеткен елордалықтар енді өз алаңында келесі кезең жолдамасын рәсімдеуге тамаша мүмкіндік алып отыр.
Соңғы бір жарым жылда клуб қаржылық қиындықтарды бастан өткеріп жатқаны белгілі. Соған қарамастан, өткен маусымда «Астана» Қазақстан Премьер-лигасының күміс жүлдегері атанды. Ал биыл маусым басында бірқатар көшбасшы легионерлерді қомақты қаржыға сатқанына қарамастан, олардың орнын жаңа ойыншылар мен клуб түлектері сәтті толтырып, команда жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп келеді.
Әсіресе қорғаныс шебі назар аудартады. Орталық қорғауда жаңадан келген Әлібек Қасым мен Бранимир Калаица сенімді өнер көрсетіп жүр. Олардың орнын баса алатын клуб тәрбиеленушісі Санжар Ануаров пен тәжірибелі Иван Миладинович те бар. Өткен маусымда жиі қателесіп, команданың ұпай жоғалтуына себеп болған Кипрас Кажуколовас жарақатынан айыққанымен, әзірге қосалқы құрамда қалып отыр.
Сол жақ қапталда тәжірибелі Ян Вороговский мен Дмитрий Шомко кезектесіп ойнаса, оң қанатта Карло Бартолец негізгі таңдаудың бірі саналады. Команда капитаны Абзал Бейсебеков қажет жағдайда орталық қорғаушы немесе жартылай қорғаушы ретінде де ойнай алады. Сонымен қатар Тимур Төкенов пен Айтуар Төкен де ротация барысында өз мүмкіндіктерін пайдаланып келеді.
Орталық жартылай қорғау шебі де бәсекеге қабілетті. Жақында ұлттық құрама сапынан оралған Иван Башич пен Дінмұхамед Қараманнан бөлек, Александр Меркель мен жас талант Руслан Валихан да бұл позицияда жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Ал шабуылды ұйымдастырушы рөлінде тәжірибелі Бауыржан Исламхан команданың негізгі дирижеріне айналды.
Қапталдағы вингерлер арасында клубтың жарқын жұлдызы Мақсат Абыраев, Станислав Басманов және Ахметқали Қалтанов көзге түсуде. Оң қанатта вице-капитан Марин Томасов пен маусым соңына дейін «Тобылдан» жалға алынған Дамир Марат өнер көрсетеді. Ал орталық шабуылда Рамазан Кәрімов пен Ннамди Ахонону өзара бәсекелесіп келеді.
Дәл осы құрамның арқасында «Астана» қазіргі таңда Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде үздік үштіктің қатарында келеді.
Тиранадағы алғашқы кездесуде елордалықтар негізгі құрамын шығарған болса, екі күн бұрын «Астана Аренада» өткен «Ақтөбеге» қарсы матчта бас бапкер бірнеше негізгі футболшыға демалыс беріп, ротациялық құрамды алаңға шығарды.
Қақпада ұзақ уақыт қосалқы құрамда болған Мұхамеджан Сейсен қайтадан мүмкіндік алды. Қорғаныста Санжар Ануаров пен Бранимир Калаица жұбы ойнаса, Станислав Басманов пен Дмитрий Шомко гол авторлары атанды. Жартылай қорғауда Александр Меркель, Иван Башич және Тимур Төкенов үштігі алаңға шықты. Башич ұлттық құрама сапынан оралғаннан кейін бірден гол соғып, өзінің бабында екенін дәлелдеді.
Шабуыл шебінде Дамир Марат «Астана» сапындағы дебюттік кездесуін өткізсе, Ннамди Ахонону мен клуб тәрбиеленушісі Ахметқали Қалтанов та ойын тәжірибесіне ие болды.
Ең бастысы – бұл футболшылардың басым бөлігі ротациялық құрамның ойыншылары саналады. Ал Йосип Чондрич, Марин Томасов, Бауыржан Исламхан, Рамазан Кәрімов, Әлібек Қасым секілді көшбасшылар еурокубок пен Қазақстан Премьер-лигасының маңызды кездесулерінде негізгі құрамның өзегін құрап келеді. Бұл бас бапкерге маусым барысында құрамды еркін алмастырып, бірнеше турнирде қатар күресуге мүмкіндік беріп отыр.
Маусым басында негізінен жастар құрамымен өнер көрсеткен «Астана» Қазақстан Кубогында да жақсы нәтиже көрсетіп, екінші кезеңге дейін жетті. Тек кейін негізгі құрамын шығарған «Тобылға» есе жіберді.
Қаржылық қиындықтарға қарамастан, «Астана» бүгінгі таңда Қазақстандағы ең терең құрамдардың біріне ие екенін көрсетіп келеді. Ең бастысы, тәжірибелі ойыншылар мен өз тәрбиеленушілерінің үйлесімі команданың тұрақты нәтиже көрсетуіне мүмкіндік беруде.
Енді барлық назар Конференциялар лигасының қарымта кездесуіне ауады. Елордалық клуб алғашқы матчтағы басымдылығын сақтап қалып, келесі кезеңге жолдама алады деген сенім мол. Арғы күні өтетін «Астана» – «Динамо Сити» кездесуінде отандық клубқа жанкүйер болып, сәттілік тілейік!
