YERSPORT спорт жаңалықтары сайты
баскетболЖаңалықтар

Каспийдің ғаламат маусымы: Ұлттық лига қорытындысы

"Каспий" БК

Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXXIV Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Бірнеше айға созылған тартысты маусым жанкүйерлерге күтпеген нәтижелер, драмалық сериялар
мен тарихи жетістіктер сыйлады. Чемпиондық атақ үшін күрес соңына дейін жалғасып, ақтық сында ақтаудың «Каспийі» ел чемпионы атанды.

«Тобылдың» ерте аяқталған маусымы

Маусым басталар тұста жоғары орындарға таласады деп күтілген қостанайдың «Тобылы» биылғы чемпионатты сәтсіз өткізді. Плей-офф кезеңінің алғашқы айналымында-ақ команда «Атырау барыстарына» қарсы серияда жеңіліп, чемпиондық жарыстан шығып қалды. Осылайша қостанайлық ұжым үшін маусым күткен нәтижемен аяқталған жоқ.

«Атырау барыстары»: қолаға бір қадам жетпеді

«Атырау барыстары» биылғы маусымда чемпиондыққа үміткер командалардың бірі ретінде танылды. Ширек финалда сенімді ойын көрсеткен атыраулықтар жартылай финалда елордалық
«Астанамен» кездесті.

Екі команда арасындағы серия чемпионаттағы ең тартысты қарсыластықтардың біріне айналды. Тараптар жеңісті алма-кезек бөлісіп, жеңімпаз тағдыры шешуші бесінші кездесуде анықталды.
Алайда бұл ойында басымдықты «Астана» иеленіп, финал жолдамасын жеңіп алды.

Жартылай финалдағы сәтсіздіктен кейін «Барыстар» қола жүлде үшін алматылық «Легионмен» бақ сынасты. Серия барысында алматылық клуб тұрақтырақ ойын көрсетіп, қарсыласын 3:1
есебімен тізе бүктірді. Оның үстіне шешуші жеңіске дәл Атырауда қол жеткізді. Нәтижесінде «Барыстар» маусымды жүлдесіз аяқтады.

Дегенмен атыраулықтар үшін маусым толықтай сәтсіз болды деуге келмейді. Команданың америкалық көшбасшысы Майкл Майс чемпионаттың ең үздік ойыншысы атанып, жеке көрсеткіштерімен ерекшеленді. Сонымен қатар ол бір маусымда жинаған ұпай саны
бойынша 2014 жылдан бері сақталып келген рекордты жаңартты.

«Легион» тұрақтылықтың үлгісін көрсетті

Алматының «Легионы» маусым бойы тұрақты ойын өрнегімен көзге түсті. Команда тұрақты чемпионатты үшінші орында аяқтап қана қоймай, плей-офф кезеңінде де сол нәтижесін сақтап қалды.

Қола жүлде үшін өткен серияда «Атырау барыстарынан» басым түскен алматылықтар чемпионатты үздік үштік қатарында аяқтап, маусымның басты жаңалықтарының біріне айналды.

Қайғыдан кейінгі қайсарлық: «Астананың» ауыр жолы

Елордалық «Астана» тұрақты чемпионаттың басты фавориті болды. Команда 32 кездесудің 28-інде жеңіске жетіп, турнир кестесінің көшін бастады. Соның арқасында плей-офф кезеңін бірден жартылай финалдан бастау мүмкіндігіне ие болды.

Алайда шешуші ойындардың алдында клуб ауыр қазаға тап болды. Команданың бас бапкері Рамунас Цвирка өмірден өтті. Бұл жағдай ұжымға үлкен соққы болғаны анық.

Маусымның қалған бөлігінде команданы ассистенттер Дайнюс Шаленга мен Антон Пономарев жаттықтырды. Олар клубты финалға дейін жеткізе алды.

Финалда «Астана» күтпеген қиындыққа тап болды. Алғашқы екі кездесуде өз алаңында «Каспийден» жеңілген елордалықтар серия тағдыры ерте шешіледі деген болжамдарды жоққа шығарды. Ақтауда өткен екі матчта жеңіске жетіп, серияны шешуші бесінші
ойынға дейін созды.

«Каспийдің» ғаламат маусымы

Биылғы чемпионаттың басты кейіпкері сөзсіз ақтаудың «Каспийі» болды.

Маусым бойы сенімді ойын көрсеткен ақтаулықтар плей-офф кезеңінде де жоғары деңгейлерінен түскен жоқ. Команда финалда тұрақты чемпионаттың жеңімпазы әрі басты фаворит саналған «Астанамен» кездесті.

Серия барысында «Каспий» мінез көрсетті. Елордалықтардың қарымта шабуылына қарамастан, ақтаулықтар соңғы сөзді шешуші ойында айтты. Финалдық кездесудің тағдыры овертаймда шешілді.

Дәл осы қосымша уақытта Евгений Овсянников жаттықтыратын «Каспий» жеңіске жетіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Бұл жеңістің маңызы ерекше. Өйткені клуб өз тарихында алғаш рет ел чемпионы атанып отыр. Бұған дейін бірнеше рет жүлделі орындарға таласқанымен, ақтаулық ұжым чемпиондық тұғырдың ең биік сатысына көтеріле алмаған еді.

Оның үстіне «Каспий» маусым барысында Қазақстан Республикасының Кубогын да жеңіп алды. Осылайша команда бір маусымда бірден екі ірі трофейді иеленіп, тарихи дубль жасады. Бұған дейін клуб қоржынында чемпиондық атақ та, Қазақстан Кубогы да болмағанын ескерсек, 2025/26 жылғы маусым ақтаулық баскетбол үшін алтын әріптермен жазылатын жылға айналды.

Бұл тек чемпиондық қана емес, клуб тарихындағы жаңа дəуірдің бастауы болды. Бір маусым ішінде екі бірдей басты трофейді жеңіп алған «Каспий» Қазақстан баскетболының жаңа күшіне айналғанын дəлелдеді.

Дастан Мұфтолла

Ұқсас мақалалар

«Каталондық дерби» даулы ұрандарға толы болды

Данияр Елеусіновтің рингке оралу күні белгілі болды

admin_yersport

Ислам Махачев өзін қазіргі таңда UFC-дегі ең үздік файтер деп атады, ал Хабиб — тарихтағы ең мықтысы