Global Sports Media басылымының венесуэлалық журналисі Луис Котте АҚШ-тың әлемдік аренадағы саяси әрекеттері америкалық спортшыларға кері әсер етпейді деген пікір білдірді, деп хабарлайды Yersport.kz сайты, Sport24.ru сайтына сілтеме жасай отырып.
«Мен АҚШ спортшыларын халықаралық жарыстардан шеттету керек деп ойламаймын, Ресейге жасалғандай. Қазіргі жағдай әлдеқайда күрделі. Венесуэлада билік ауысу үдерісі жүріп жатыр, оның төңірегінде біз білмейтін көптеген келіссөздер бар. АҚШ-ты әлемдік спорттан ешкім ысырып шығара алмайды және олардың елінде өтетін әлем чемпионатын да тоқтата алмайды. Америкалықтар бұл турнирге соншама көп қаржы жұмсады, сондықтан саяси жағдайға қарамастан, оларды шеттету мүмкін емес.
Дональд Трамп іс жүзінде АҚШ-тағы процестерге ықпал етіп отыр және Венесуэла мәселесі бойынша Владимир Путинмен келіссөздер жүргізуде. Әртүрлі елдер белгілі бір жеңілдіктер алатын келісімдер болуы мүмкін. Соңғы айларда біз Ресейдің Украинада әрекет етіп жатқанын, ал АҚШ-тың Венесуэлаға ықпал жасап отырғанын көріп отырмыз, әрі мұның бәрі айтарлықтай салдарсыз өтуде.
Ресей мен АҚШ арасында маңызды келісім барын да жоққа шығармаймын, екі ел арасындағы қарым-қатынас түбегейлі өзгеруі мүмкін. Ақыр соңында бәрі ақша мен мүддеге тіреледі: Венесуэланың Ресейге қомақты қарызы бар, енді сол қарыздың қандай жолмен және қандай шарттармен қайтарылатыны маңызды», – деді Котте Sport24 тілшісі Владислав Шапиромен әңгімесінде.
Айта кетейік, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты үш елдің аумағында – АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Турнир 11 маусым мен 19 шілде аралығында ұйымдастырылады. Ал 2028 жылы Лос-Анджелес қаласы жазғы Олимпиада ойындарын қабылдайды.
