YERSPORT спорт жаңалықтары сайты
Басты ақпаратЖаңалықтарҚазақстан Премьер-ЛигасыСараптамаФутбол

«Толық рестарт: «Ақтөбе» жаңа инвестормен жаңа маусымға қалай кіріп жатыр?»

"Ақтөбе" ФК

2025 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев футбол клубтарын жекеменшік басқаруға көшіру туралы бастама көтергеннен кейін, инвестор тапқан алғашқы клубтардың бірі — Ақтөбе футбол клубы болды. Бұл шешім «ақ-қызылдардың» болашағына тікелей әсер етті. Өткен маусымда еурокубоктағы кезекті сәтсіздік пен Премьер-лигада небәрі 5-орын алу клуб басшылығын түбегейлі өзгерістерге итермеледі. Еурокубок жолдамасынан қағылған маусымнан кейін «Ақтөбе» толық қайта жүктелуге көшті, осы жағдайға байланысты Yersport.kz сайты команданың трансферлік терезедегі атқарған жұмысын зерттеп көрді.

Жаңа инвестор келді, жаңа стратегия құрылды, құрам жаңарды. Енді мақсат — тек жүлде емес, чемпиондық.

Маусым алдындағы трансферлік науқанда клуб бірден бірнеше тәжірибелі әрі танымал ойыншыларды қосты. Испаниялық тірек жартылай қорғаушы Пабло Альварес Украина Премьер-лигасындағы «Карпаты» сапынан еркін агент ретінде келді. Өткен маусымда 13 матч өткізіп, 2 гол және 1 ассист тіркеді, 4 сары қағаз алды, 1010 минут алаңда болды. Әр 337 минут сайын нәтижелі әрекет жасаған. Оның басты миссиясы — орталықтағы тәртіп пен ойын ырғағын бақылау.

Швеция чемпионатында ойнаған швед-босниялық вингер Айдин Желкович те еркін агент ретінде қосылды. 31 матчта 9 гол, 2 ассист жасап, небәрі 1 сары қағаз алған. 1945 минут алаңда ойнаған футболшы әр 177 минут сайын гол соққан. Бұл — фланг ойыншысы үшін өте жоғары көрсеткіш. Жылдамдық пен дриблинг жағынан ол команда шабуылына серпін бере алады.

Орталық қорғауға тәжірибелі Темірлан Ерланов оралды. Өткен маусымды «Тобылда» өткізіп, 12 ойынға қатысқанымен, голдық әрекеттерімен көзге түспеді. 887 минут алаңда болды. 15 маусымнан бері ресми матч ойнамағаны — басты сұрақ. Дегенмен позициялық сауаты мен тәжірибесі әлі де жоғары деңгейде.

Украиналық Дмитрий Топалов «Шахтерден» келді. Алайда 2025 жылы небәрі 206 минут қана ойнап, нәтижелі әрекет жасай алмады. Бұл трансфер — тәуекел. Егер физикалық бабына келсе, флангтағы бәсекені күшейтеді.

Қақпадағы ең ірі трансфер — Александр Заруцкий. Тікелей қарсылас «Қайраттан» келген 32 жастағы голкипер өткен маусымда 34 матчта 18 гол ғана жіберіп, 9 кездесуде қақпасын «құрғақ» сақтады. Орта есеппен бір матчта 0.52 гол жіберген — чемпиондық деңгейдегі көрсеткіш. Еурокубокта 7 матч өткізіп, 4 гол ғана жіберіп, 4 ойында қақпасын аман сақтады. Глазгодағы Селтикке қарсы матчта жарақат алып, маусымды ерте аяқтағанымен, жалпы маусым өте сапалы өтті. «Ақтөбе» үшін бұл — қақпадағы тұрақтылық кепілі.

Испания Сегундасында ойнаған аргентиналық Агустин Пасторица 16 матчта 2 гол, 2 ассист тіркеді. 790 минут ойнап, әр 395 минутта бір гол соққан. Көрсеткіші аса жоғары емес, бірақ техникасы мен креативі шабуылға жаңа реңк беруі мүмкін.

Тимур Досмағамбетов 15 жылдан кейін клубқа қайта оралды. 36 жастағы қорғаушы өткен маусымда 24 матч өткізіп, 2 гол, 1 ассист жасады. Қорғаушы үшін жаман статистика емес. Оның тәжірибесі жас ойыншыларға үлкен мектеп болмақ.

Украиналық Иван Ордец — қорғаныстағы ең мәртебелі трансфер. Германия чемпионатында 22 матч өткізіп, 1865 минут ойнаған. 6 сары қағаз алғанымен, тұрақты негізгі құрам ойыншысы болды. Еуропалық тәжірибе «Ақтөбе» қорғанысын бір деңгейге көтеруі ықтимал.

Жас ойыншылар да назардан тыс қалған жоқ. Арман Кеңесов 18 матчта 6 гол соғып, 940 минут ойнады. Әр 156 минут сайын гол — өте мықты көрсеткіш. Айбар Абдулла 14 матчта 441 минут ойнап, нәтижелі әрекет жасай алмады. Бұл маусым — оның өзін дәлелдеу кезеңі. Дархан Бердібек екі дивизионды қосқанда 16 матч өткізіп, 2 гол соқты. 413 минутта 2 гол — жаман емес.

Ал ең резонансты трансфер — Луиш Нани. 39 жастағы португалиялық вингер 2024 жылдан бері ресми матч ойнамаған. Бұрын Манчестер Юнайтед сапында жарқыраған футболшыны қосу — үлкен тәуекел. Бірақ бұл қадам тек спорттық емес, маркетингтік мағынада да маңызды. Егер физикалық бабына келсе, Премьер-лига үшін қауіпті ойыншы болары анық.

Алайда келгендер қаншалықты маңызды болса, кеткендер де соншалықты салмақты. Жайро Жан 60 матчта 15 гол, 7 ассист жасаған. Идрис Умаев 65 матчта 11 гол, 12 ассист тіркеді. Оралхан Өміртаев 29 матчта 5 гол, 6 ассист берді. Неманья Анджелкович 29 матчта 2425 минут ойнады. Ең үлкен шығын — Әлібек Қасым. Үш маусымда 104 матч өткізіп, 19 гол, 6 ассист жасаған капитан қорғаныстың тірегі еді. Оның кетуі — ауыр соққы. Қақпашы Андрей Влад 28 матчта 32 гол жіберіп, 9 «құрғақ» матч өткізді. Амаду Думбия (47 матч, 2+6) және Уче Агбо (49 матч, 5+4) да команданың маңызды ротациялық ойыншылары болатын.

Қорытындылай келе, «Ақтөбе» толық қайта құрылу кезеңіне кірді. Қақпада сапа артты, қорғаныс тәжірибе жинады, флангтар жылдамдықпен толықты. Бірақ кеткен ойыншылардың статистикалық салмағы аз емес. Бұл маусым — жаңа дәуірдің алғашқы сынағы. Егер жаңа ойыншылар тез бейімделсе, «ақ-қызылдар» чемпиондық жарысқа қосыла алады. Ал бейімделу процесі ұзаққа созылса, өтпелі кезең тағы бір жылға жалғасуы мүмкін.

Бір нәрсе анық: «Ақтөбе» енді жай ғана қатысушы емес. Олар қайтадан титул үшін ойнауға дайын.

Ұқсас мақалалар

Джейк Пол: «Джошуамен жекпе-жекте алғашқы екі раундта жеңіске жеттім. Бәрі жақсы жүріп жатты»

Корретха Алькарас пен Феррероның қоштасуы туралы: «Қатты таңғалдым әрі көңілім қалды. Мұндай шешімге әкелетіндей жағдай соншалықты ауыр болды деп ойламаймын»

Юрген Клопп «Реалды» баcқара ма? Агенті нақты жауап берді

Redaktor Yersport