Уимблдон-2022 чемпионы, әлемнің бесінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 маусымындағы алғашқы жеңісінен кейін алға қойған мақсаттары туралы айтты, деп хабарлайды Yersport.kz сайты.
6 қаңтар күні Брисбенде (Аустралия) өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің екінші кезеңінде Рыбакина қытайлық Чжан Шуайды 6:3, 7:5 есебімен жеңді.
— Биыл өткен маусымдағы ойынымды қайталағым келеді. «Үлкен дулыға» турнирлерінің әрқайсысында мүмкіндігінше алысқа баруды, тіпті біреуін ұтып алуды да мақсат етіп отырмын. Қалай боларын уақыт көрсетеді. Үлкен мақсаттарым бар, — деді Рыбакина матчтан кейін корттағы сұхбатында.
Айта кетейік, 2025 жылы Елена Рыбакина Сауд Арабиясында өткен WTA Қорытынды турнирінің жеңімпазы атанған еді.
