Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Рикардо Камара Собрал «Какау» Yersport.kz сайтының тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан құрамасына қайта оралуы мүмкін болғанын растады.
Сұхбат барысында Какау Қазақстан футзалының қазіргі жағдайына баға беріп, ұлттық құраманың Еуропа чемпионатына шыға алмау себептерін түсіндірді, сондай-ақ 2016 жылғы тарихи жетістікке жеткен команда мен қазіргі ұлттық құраманың айырмашылығы мен ұқсастығына тоқталды. Одан бөлек, Қазақстан футбол федерациясы тарапынан нақты ұсыныс түскен және тараптар арасындаАстана қаласында келіссөздер шын мәнінде өткенін де жасырмады.
- Сіз Қазақстан футзал қауымдастығынан ресми немесе бейресми ұсыныс алдыңыз ба? Келіссөздер қай кезеңде? Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне кірісуге дайынсыз ба, әлде бұл ақпарат жай ғана қауесет пе?
Менің ойымша, Дания мен Арменияға қарсы матчтардағы жеңілістер Қазақстанның футзалдан Еуро-2026 чемпионатына тікелей жолдама алуына басты кедергі болды. Бұл тақырыпқа қатысты жеке пікірім бар, алайда сол кезеңде командамен жұмыс істеген бапкерге деген құрметім мен кәсіби этикаға байланысты нақты баға беруден бас тартамын. Дегенмен, Қазақстан жақын болашақта қайтадан Еуропадағы ең мықты құрамалардың қатарына қосылу үшін жүйелі жұмыс жүргізетініне сенемін.
Иә, мен ресми ұсыныс хатын алдым. Астанада болып, Қазақстан футбол федерациясымен кездесу өткіздім. Сол сапар барысында жоғары деңгейде ұйымдастырылған құрылымды көргеніме қуаныштымын. Бүгінде қазақстандық футзал әлемдегі ең үздік жүйелердің біріне ие деп нық сеніммен айта аламын.
- Қазақстанның қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз? Ұлттық құраманың Еуропа чемпионатына қатыса алмауының негізгі себептері қандай? Сондай-ақ 2016 жылғы табысты команда мен қазіргі құраманың айырмашылығы мен ұқсастығын қалай сипаттар едіңіз?
Менің ойымша, 2016 жылғы ұрпақ Қазақстандағы футзалдың дамуында шешуші рөл атқарды. Дәл сол жылы Еуропа чемпионатында қола жүлде алғаннан кейін ұлттық құрама жанкүйерлердің шынайы құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді. Бүгінде футзал Қазақстандағы ең танымал спорт түрлерінің біріне айналды деп сенімді түрде айта аламын. Бұл танымалдық 2016 және 2018 жылдардағы құрамалардың еңбегінің нәтижесі.
2018 жылғы Еуропа чемпионаты әлі күнге дейін есімде. Ол мен үшін ең әсерлі турнирлердің бірі болды. Испанияға қарсы жартылай финалда 5:5 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында жеңіліп қалдық. Сол матч футзал тарихындағы ең керемет ойындардың бірі ретінде есте қалды. Қазақстандағы футзалдың осындай жарқын тарихының бір бөлігі болғанымды мақтан тұтамын.
Қазіргі ұрпақ та үлкен үміт күттіреді. Біз Тұрсағұлов пен Оразовтың ұлттық құрамаға алғаш шақырылғанын, жас болғанына қарамастан, 2018 жылғы Еуропа чемпионатында өте жоғары деңгейде ойын көрсеткенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде қазақстандық лиганың дамуына байланысты ойыншылардың бірнеше буыны қалыптасты. Арасында өте талантты жастар көп, алайда олардың әрі қарай дамуы үшін сенім мен тұрақтылық аса маңызды.
- Ұлттық құраманың натурализация мәселесіне тоқталсақ, ФИФА-ның шетелдік ойыншыларға елде бес жыл тұрақты тұрған жағдайда азаматтық алуға мүмкіндік беретін ережесі қабылданғаннан кейін, сіз ұлттық құрамада техникалық жауапкершілікті өз мойныңызға алған кезеңде Тайнан, Эдсон және Лео көптеген матчтарда алаңға шықты. Эдсон екі жылдық Словениядағы жалдау келісімінен кейін 2024 жылы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатын өткізіп алып, ұлттық құрамаға тек Италияға қарсы матчта қайта оралды. Сіздің ойыңызша, егер Эдсон іріктеу кезеңінің алғашқы ойындарында өнер көрсетсе, Қазақстан құрамасының нәтижесі өзгеше болар ма еді? Себебі көптеген жанкүйерлер оның оралуына дейін және кейін ұлттық құраманың ойыны мен өнімділігі айтарлықтай өзгергенін атап өтті.
Иә, менің ойымша, біз Эдсонды қатты сағындық. Ол шеберлігі арқылы ойын барысын өзгерте алатын ерекше қасиетке ие ойыншы. Қазіргі таңда ол маған кезінде Ресейде ойнаған Робиньоны еске түсіреді. Мен оның әлеуетін анық көріп тұрмын. Менің қолымда болғанда, ол алаңда көбірек еркіндік алып, жеке шеберлігін толық көрсете алар еді деп ойлаймын.
Тайнан мен Дугластың ұлттық құрамада болуы мен үшін әрдайым үлкен қуаныш. Ең бастысы — оларды алғаш алып келген кезде бұл ойыншылар көпшілікке беймәлім еді. Алайда олардың тынымсыз еңбегі мен ойын философиямызға деген сенімінің арқасында бүгінде екеуі де өз позицияларында сөзсіз ең үздік ойыншылардың қатарына қосылды.
Рикардо Сомбрал өзі де Қазақстанды сағынып, құрамаға оралуын асыға күтетінен де жасырмады.
Мен әрқашан дайын болдым және бір күні Қазақстанға қайта оралуды армандадым. Қазақстан халқына деген махаббатым, сүйіспеншілігім мен құрметім бәріне мәлім. Бұл ел мен үшін әрдайым ерекше орын алады.
Естеріңізге сала кетсек Какау осыған дейін 2013-2018 жылдары аралығында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарды. Сол уақыттарда құрама 2016 жылы тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2018 жылы Еуропа чемпионатында 4-орын алды. Одан бөлек, тарихта алғаш рет Әлем Чемпионатының 1/8 финалына шықты.
