Талдықорғанның «Жетісу» футбол клубы молдовалық қақпашы Степан Сикачпен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады. Бұл туралы клубтың Instagram парақшасында хабарланды, деп жазады Yersport.kz.
«Степан Сикач — „Жетісу“ ойыншысы! Футбол клубы тәжірибелі қақпашымен толықты. Ол команданың қорғаныс шебінде сенімді тірек болады деп сенеміз», — делінген клуб хабарламасында.
Степан Сикач кәсіби мансабын Молдованың әйгілі «Шериф» клубында бастаған. Кейін ол Ресейдің бірқатар командаларында өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Терек», «Торпедо», «Волгарь», «Салют» және «Афипс» клубтарының намысын қорғады.
Сондай-ақ қақпашы Грузия чемпионатында ойнап, «Колхети» мен «Самтредия» клубтарында өнер көрсетті. 2018/2019 жылғы маусымда тбилисилік «Динамо» сапында Грузия чемпионы атанды.
Қазақстан Премьер-лигасында Сикач бұған дейін «Ақжайық» пен «Қайсар» клубтарында ойнаған. КПЛ аясында ол 69 матч өткізіп, 84 гол жіберіп алған. Transfermarkt порталының мәліметінше, футболшының трансферлік құны 25 мың еуроға бағаланады.
