Бруну Фернандештің әлеуметтік желідегі аккаунты бұзылды, деп хабарлайды Yersport.kz сайты.
«Манчестер Юнайтед» жартылай қорғаушысы Бруну Фернандештің X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасын хакерлер бұзып алған.
Англия Кубогында «МЮ» «Брайтоннан» 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін Брунудың аккаунтында бірнеше арандатушылық жазба пайда болды. Атап айтқанда, португалиялық футболшының атынан «INEOS-тен құтылу керек» деген үндеу жарияланған (бұл – кәсіпкер Джим Рэтклиффке тиесілі компания, ол «Юнайтедтің» 25% акциясына иелік етеді – Спортс).
Сондай-ақ хакерлер Брунудың 6-дивизиондағы «Макклсфилдке» ауысатынын «жариялаған» (бұл клуб бұған дейін Кубокта «Кристал Пэласты» ұтқан), оның атынан криптовалюта жарнамалап, футболшы Алиша Леманнге, инфлюенсер KSI-ге және порноактриса Бонни Блюге тіл тигізетін жазбалар қалдырған.
Бұдан бөлек, Фернандештің парақшасында «Ливерпульмен» өткен матчтың таблосы бейнеленген фото да жарияланған. Ол ойында «МЮ» 0:7 есебімен ойсырай жеңілген еді.
«Бруну Фернандештің X әлеуметтік желісіндегі аккаунты бұзылды. Жанкүйерлерге қандай да бір жарияланымдармен немесе жеке хабарламалармен байланысқа түспеуге кеңес береміз», – делінген «Манчестер Юнайтед» баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта хакерлер Брунудың атынан жариялаған барлық жазбалар өшірілді.



