Жұлдыздар апталығына байланысты Екатеринбургте өткен үзілістен кейін «Барыс» ақпан айындағы алғашқы үй матчында СКА-ны қабылдайды, деп хабарлайды Yersport.kz астаналық клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Санкт-Петербург командасы алдыңғы ойынын Нижнекамскіде өткізіп, «Нефтехимикті» 5:1 есебімен жеңді. Матвей Короткий, Марат Хайруллин (дубль), Джозеф Бландизи және Сергей Плотников мергендігімен көзге түсті. Артемий Плешков қақпаға бағытталған 41 соққыны қайтарды. Игорь Ларионов ірі есепке қарамастан, жеңіске жету үшін командасына көп еңбек етіп, төзуге тура келгенін атап өтті.
53 матчтан кейін петерборлықтар 60 ұпай жинады. Қазіргі таңда СКА-ның үздік бомбардирі — Марат Хайруллин (14+23). Артемий Плешков тұрақты чемпионаттағы қақпашылар арасында сейв пайызы бойынша (93,4%) үздік үштікте. Жарақат алғандар тізімінде қорғаушылар Никита Зайцев пен Тревор Мёрфи, сондай-ақ шабуылшы Игорь Ларионов кіші бар.
Өткен турда «Барыс» Владивостокта «Адмиралды» 4:1 есебімен сенімді жеңді. Кирилл Савицкий, Дінмұхамед Қайыржан, Эмиль Галимов және Майкл Веккьоне (13+19) шайба соқты. Веккьоне Райли Уолшпен (9+23) бірге астаналық клубтың ең нәтижелі ойыншысы атанып отыр. Всеволод Логвин мансабында алғаш рет 10 нәтижелі пас межесіне жетті. Жуырда өткен Жұлдыздар матчына қатысқан Адам Шил 28 сейв жасады. Михаил Кравец қарсы шабуылдарда соғылған голдардың маңызын атап өтіп, жалпы команда ойынына көңілі толатынын жеткізді. Алайда алаң ойыншылары қақпашыға «құрғақ» матч жасауға көмектесе алмағанына қынжылды.
Қазақстандық команда 55 кездесуден кейін 42 ұпаймен Шығыс конференциясының плей-офф аймағына шығу үшін күресті жалғастырып келеді. Мэйсон Морелли жарақат алғандар тізімінен шығарылып, жалпы топпен жаттығуға кірісті. Ал жаттығу барысында жарақат алған Эмиль Галимов тексерістен өтуде және бүгінгі ойынды өткізіп алады.
«Барыс» — СКА матчы Астана уақытымен бүгін 19:30-да басталады.
