«Қызылжар» клубының бас менеджері Алишер Апсалямов команданың жаңа ойыншысы — Фарер аралдарынан келген легионер Йоаннес Бьярталид жайлы пікір білдіріп, бұл трансфердің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Yersport.kz Aladop.kz сайтына сілтеме жасап.
— Бьярталида таңдауымыз кездейсоқ болған жоқ. Оның ойын стилі мен жинаған тәжірибесі команданың қазіргі тактикалық талаптарына толық сәйкес келеді. Әсіресе, Йоаннес шабуыл шебіндегі кейбір мәселелерді шешуге көмектеседі деп сенеміз.
Біз Йоаннестің әлеуетіне сенеміз. Ол шабуылдағы ойынды жылдамдатып, серіктестеріне голдық мүмкіндіктер жасап, командаға жаңа серпін береді, — деді клуб өкілі.
Өткен жылдың қараша айында өткен матчта Фарер аралдарының құрамасы Қазақстанды 1:0 есебімен жеңген болатын. Сол ойындағы шешуші гол дәл Бьярталида флангтан жасаған дәл пасынан кейін соғылған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан чемпионатында әлемнің 99 елінен келген футболшылар өнер көрсеткен. Бьярталидтің келуімен Фарер аралдары ұлттық біріншілікте өкілдігі бар 100-ші ел атанды.
