YERSPORT спорт жаңалықтары сайты
Басты ақпаратЖаңалықтарҚазақстан Премьер-ЛигасыСараптамаФутболЧемпиондар Лигасы

«Қайрат» маусымға дайын ба?

Еркін Тапалов

Қазақстанда футбол маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалды. Осыған байланысты Yersport.kz сайты алматылық «Қайрат» футбол клубының маусым алдындағы дайындығына, оқу-жаттығу жиындарының өту орнына және трансферлік терезедегі өзгерістерге шолу жасады.

Маусым алдындағы дайындық

«Қайрат» қаңтардың 4–15 аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде, нақтырақ айтқанда Абу-Даби қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде.
Бақылау матчтары:

  • 9 қаңтар — «Нефтчи»

  • 14 қаңтар — «Вараждин»

Клубтан кеткен футболшылар

Александр Заруцкий
2025 жылы елордалық «Астанадан» келген қақпашы бірден негізгі құрамнан орын алып, дебюттік маусымында клубтың чемпион атануына және УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуына үлес қосты. Алайда плей-оффта «Селтикке» қарсы алғашқы ойында жарақат алып, тамыз айынан бері алаңға шықпады. Келісімшарты аяқталған соң, «Ақтөбеге» ауысты.

Гиорги Зария
2024 жылы грузиялық «Динамо» (Батуми) клубынан келген жартылай қорғаушы барлық турнирде 59 матч өткізіп, 16 гол соғып, 11 нәтижелі пас берді. Қазіргі таңда еркін агент.

Офри Арад
Израильдік жартылай қорғаушы 2023 жылы «Қайратқа» жалға келіп, кейін 2025 жылға дейін негізгі құрамда тұрақты ойнады. Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде миландық «Интердің» қақпасына гол соғып, италиялық клубтың «құрғақ сериясын» тоқтатты. «Қайрат» сапында 93 матчта 3 гол, 10 ассист тіркеді. Қазір — еркін агент.

Жоау Пауло
Бразилиялық шабуылшы 2021 жылы «Ордабасыдан» еркін агент ретінде ауысып, екі маусым қатарынан ҚПЛ-дың үздік сұрмергені атанды. 2025 жылғы маусымның алғашқы турында ауыр жарақат алып, содан кейін алаңға оралмады. «Қайрат» сапында 36 матчта 47 гол соқты. Келісімшарты аяқталған соң клубтан кетті.

Эльдер Сантана
2024 жылы «Ақтөбеден» ауысып келіп, бірден ҚПЛ чемпионы атанды. 2025 жылғы Қазақстан Суперкубогында экс-клубының қақпасына гол соғып, маусымның алғашқы трофейін жеңіп алды. Алайда чемпионаттың алғашқы турында «Астанаға» қарсы ойында ауыр тізе жарақатын алып, маусымды ерте аяқтады. Екі маусымда 31 матч өткізіп, 5 гол және 3 ассист жасады.

Лука Гадрани
Эльдер Сантанамен бірге «Ақтөбеден» келген қорғаушы 2025 жылдың қыркүйегінде 100 мың еуро өтемақыға Иерусалимнің «Бейтар» клубына ауысты.

Клубқа келген ойыншылар

Яакко Оксанен
Финляндиялық жартылай қорғаушы «КУПС» клубынан ауысты. Ол «Қайрат» жанкүйерлеріне Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде алматылық клуб қақпасына гол соққан ойынымен жақсы таныс. Солақай футболшы бұған дейін «Брентфорд» жастары, «Уимблдон» және «Мортон» клубтарында өнер көрсеткен.

Алдағы жоспар

Маусым алдындағы дайындықтан кейін «Қайрат»:

  • 20 қаңтарда — «Астана-Аренада» «Брюггеге»,

  • 28 қаңтарда — лондондық «Арсеналға» қарсы матч өткізеді.

Осы ойындардан кейін команда бір ай демалысқа шығып, 28 ақпанда Қазақстан Суперкубогында қостанайлық «Тобылға» қарсы матчпен ресми маусымды бастайды.

Ұқсас мақалалар

Роналду мансабындағы 958-голын соқты

Астанада пара дзюдодан Gran prix турнирі өтеді

ФИФА мен Netflix ӘЧ-2026 турниріне орай жаңа футбол симуляторын ойластыруда