Антуан Семеньоның «Манчестер Сити» клубына ауысуы жақын арада ресми түрде жариялануы мүмкін. Журналист Бен Джейкобстың мәліметінше, «Манчестер Сити» мен «Борнмут» футболшының трансферіне қатысты барлық негізгі шарттар бойынша келісімге келген.
Қазіргі таңда екі клуб келісімшартқа байланысты құжаттарды дайындап, рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тараптар арасындағы соңғы формальді мәселелер шешілгеннен кейін, Семеньоның қашан «қалалықтардың» сапына қосылатыны алдағы 24 сағат ішінде белгілі болады деп күтілуде.
25 жастағы ганалық вингер биылғы маусымда Англия Премьер-лигасында өте нәтижелі өнер көрсетіп жүр. Ол 18 матчта 9 гол соғып, 3 голдық пас берген. Семеньоның жылдамдығы, дриблингі және шабуылдағы белсенділігі Пеп Гвардиоланың ойын стиліне сай келеді деп бағалануда.
Егер трансфер ресми түрде расталса, Антуан Семеньо «Манчестер Ситидің» шабуыл шебін күшейтетін маңызды ойыншылардың біріне айналуы мүмкін.
