Ресей құрамасының экс-шабуылшысы және алматылық «Қайраттың» бұрынғы бас бапкері Александр Кержаков 2005 жылы Германияға қарсы өткен жолдастық матчтағы (2:2) голға қатысты ФИФА-дан келген ресми хаттың бір бөлігін жариялады, деп хабарлайды Yersport.kz сайты.
Бұған дейін ФИФА аталған кездесуде голды Андрей Аршавин емес, дәл Александр Кержаков соққанын растаған еді. Егер бұл дерек Ресей футбол одағы (РФС) тарапынан ресми түрде бекітілсе, онда Артем Дзюба Ресей құрамасының жалғыз үздік сұрмергені атанбайды. Бұл жағдайда Дзюба мен Кержаковтың екеуінде де ұлттық құрама сапында 31 голдан болады.
Кержаковтың айтуынша, ФИФА хатында төмендегідей мәлімет көрсетілген:
«Онлайн дереккөздерде жарияланған және біріктірілген ақпараттарды тексеру нәтижесінде голдың нақты авторы А. Кержаков екені анықталды.
Осындай сұраулар бойынша алдымен Ресей футбол одағына (РФС) жүгінуді ұсынамыз, себебі жолдастық кездесулерге қатысты ресми деректер дәл осы ұйымның қарамағында сақталады».
Айта кетейік, аталған мәселеге қатысты соңғы шешімді Ресей футбол одағы қабылдайды.
