Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева спорт сүйер қауымды қуанышқа бөлеп, кезекті мәрте халықаралық деңгейде жеңіске жетті. Ол италиялық серіктесі Николь Фосса Уэргомен жұп құрып, Мадридте өткен беделді ITF W100 турнирінде чемпион атанды.
Финалда қос спортшы Испания намысын қорғаған Марина Бассольс пен Андреа Ласаро Гарсиямен кездесіп, аса тартысты бәсекеде 2:1 есебімен басым түсті. Құламбаева мен Фосса Уэрго матч бойы табандылық танытып, бірін-бірі тамаша түсінісіп, үйлесімді ойын өрнегін көрсетті.
Жолдары финалға дейін де сәтті өрбіді. Олар турнир барысында бірде-бір кездесуде жеңілмей, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Жартылай финалда Инес Иббоу мен Бибиана Схоофсты, ал ширек финалда Тена Лукас пен Андреа Пришакариуды айқын басымдықпен — 2:0 есебімен ұтты.
Бұл жеңіс — Жібек Құламбаеваның кәсіби мансабындағы ірі жетістіктерінің бірі. Ол өзінің шеберлігі мен қайсар мінезін тағы бір мәрте дәлелдеп, жұптық сындағы әлемдік рейтингтегі орнын нығайта түсті.