«Тараз» клубының директоры Дидар Сыдықбек Қазақстан U-19 құрамасының қақпашысы Шерхан Қалмұрзаны трансфері бойынша «Қайратқа» ұсыныс дайындап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Yersport.kz.
— Біз Шерхан Қалмұрзаға қызығушылық танытып отырмыз. Ертең ұсыныс жасап, келіссөздерді бастаймыз. Ол Жамбыл облысының тумасы, — деп жазды Сыдықбек өзінің Telegram-арнасында.
18 жастағы Қалмұрза «Қайраттың» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі «Спортингке» (1:4) және «Реалға» (0:5) қарсы матчтарынан кейін Қазақстандағы ең танымал футболшылардың біріне айналды. Негізгі қақпашылар жарақат алған соң, ол алматылық клубтың қақпасын қорғауға мәжбүр болды.
Сондай-ақ биыл Шерхан Қалмұрза Қазақстанның жастар құрамасы сапында Еуро U-19 іріктеу кезеңінде үш матч өткізді.
Айта кетейік, өткен маусымда Бірінші лига қорытындысы бойынша «Тараз» турнир кестесінде 8-орынға тұрақтаған.
