«Қызылжар» Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиыны аясында өтетін бақылау матчындағы алғашқы қарсыласын жариялады, деп хабарлайды Yersport.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Петропавлдық команда Өзбекстанның үш дүркін чемпионы — Ташкенттің «Локомотив» клубымен кездеседі. Матч 1 ақпанда Анталияда өтеді.
Суперлигада үш рет алтын медаль иеленген (2016, 2017, 2018) «Локомотив» бұдан бөлек үш мәрте Кубокты (2014, 2016, 2017) және екі рет Өзбекстан Суперкубогын (2015, 2019) жеңіп алған. Халықаралық деңгейдегі жетістіктерінің қатарында 2016 жылы АФК Чемпиондар лигасының 1/4 финалына шығуын атап өтуге болады.
Өткен КПЛ маусымында «Қызылжар» 27 ұпай жинап, турнир кестесінде 9-орынға тұрақтады. Бұған дейін клуб қазақстандық олигарх Сергей Канның жекеменшігіне өткен болатын.
Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан команданың екінші оқу-жаттығу жиыны 29 қаңтар мен 23 ақпан аралығында Анталияда (Түркия) өтеді.
