YERSPORT спорт жаңалықтары сайты
Басты ақпаратЖаңалықтарСараптамаФутбол

«Челси» үшін енді ұят емес. Команданың құпиясы неде?

Лондондық «Челси» дәл қазір АПЛ-дің турнирлік кестесінде 31 ұпай жинап, екінші орында келе жатыр. Бұл нәтиже лондондықтар үшін өте керемет деп айтуға болады. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, былтырғы маусымда 14 ойыннан кейін 19 ұпай жинап, алтыншы орында болған еді.

Соңғы екі жыл ішінде команданы сынамаған адам жоқ шығар. Трансферлерге 1 млрд қаражат жұмсаған команданың ешқандай жүлде жеңбеуі кімді де болса алаңдататыны белгілі.

Энцо Маресканың келуімен бірқатар ойыншылардың екінші тынысы ашылды

Команданың мұндай нәтижеге қол жеткізуіне себеп болатын бірнеше фактор бар. Соларға жеке тоқталайық.

1. Жас ойыншыларға берілген мүмкіндік

Дәл қазір лондондықтардың құрамы Еуропаның ТОП-5 лигаларының арасындағы ең жасы. Ойыншылардың орташа жасы 24. Тек Франция біріншілігіндегі «Страсбург» командасында ғана жас құрам. Дегенмен ол команданың қожайыны Тодд Боули екенін барлығымыз жақсы білеміз. Былтырғы маусымда команданың басты мәселесі ойыншылардың бір-бірін түсінбеуі еді. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ өткен маусымда бірінші айналымда 25 ұпай жинаған Челси екінші айналымда 38 ұпай жинады.

Былтырғы маусымда команданың басты жұлдызы болған Коул Палмердің соңынан басқа ойыншылардың да тыныстары ашыла бастады. Солардың қатарына Мойзес Кайседоны жатқызуға болады. Ол өткен маусымның аяғынан бастап жақсы ойнай бастады, енді осы маусымда қарсыластан допты тартып алу көрсеткіші бойынша АПЛ-дің үздік ойыншыларының қатарында.

Өткен маусымда орталық қорғаушылар ретінде Аксель Дисаси мен Бенуа Бадьяшиль шығып жүрген кезде команданың қорғанысы әлсіздеу еді, осы маусымда тұрақты түрде Леви Колвилл және Уэсли Фофана шығып жүр. (Фофана жарақатына байланысты соңғы ойындарға қатыспады)

2. Энцо Маресканың келуімен ойыншыларда сенімділік пайда болды

Энцо Мареска өткен маусым барысында команданың бас ауруы болған орталық шабуылшының мәселесін шешті. Былтыр мамандар тарапынан көп сынға ұшыраған Николас Джексон осы маусымда сегіз гол соғып, лондондықтардың үздік сұрмергендерінің бірі. Сонымен қатар қатарынан екі ойында гол соққан Джейдон Санчоны да атап өтуіміз керек.

Ойыншылар жауапкершілікті өз мойындарына алудан қорықпайды. Өткен маусымда команданың ойыны енді жақсарған кезде Маурисио Почеттиноның кетуі барлық ойыншылар үшін күтпеген жаңалық болған еді. Былтыр команданы сынаған мамандардың өздері қазір ауыздарына құм құйылып, Челсидің «ФК Коул Палмер» емес екенін жарыса жазып жатыр.
Бас бапкер командадағы атмосфераны да қалпына келтірді. Егер былтырғы маусымда команда ойыншылары  пенальтиді кім орындайтынына таласып жүрсе, биылғы маусымда барлығы басқаша. Мысал ретінде «Ньюкаслмен» өткен ойындағы Нони Мадуекенің Коул Палмерге кедергі болып, қақпаға енгелі тұрған голды болдырмауын атап өтуге болады. Ойын сәтінен соң екі ойыншы да бір-біріне күліп қарап, қол алысты.

3. Жарақат эпидемиясының азаюы

Осы маусымда Челсидің барлық ойыншылары қатарда деуге болады. Тіпті лазареттен шықпайтын Рис Джеймстің өзі қайта оралған кездер болды. Дегенмен Рис қайта жарақат алып қалды. Бірақ бұл өткен маусыммен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Мәселен былтырғы маусымда лондондықтардың 55 ойыншысы түрлі жарақат алып, алаңға шыға алмады. Мұндай жарақат алған ойыншылардың саны АПЛ-дің ешбір командасында болмаған.

2024 жылдың қазан айында бас бапкер барлық ойыншылардың қатарда екенін мәлімдеді. Дәл қазір Челсидегі жарақат алған ойыншылар Рис Джеймс пен Уэсли Фофана. Дегенмен олардың жарақаттары ауыр емес, кем дегенде бір-екі ай көлемінде қатарға қосылады.

4. Челси еурокубок ойындарына көп күш жұмсап жатқан жоқ

Осы маусымда Челсидің УЕФА Конференция Лигасына қатысып жатқаны белгілі. Дегенмен ол турнирде мәселе уақытынан бұрын шешіліп, команда 1/8 финалға алғаш болып жолдама алған команданың бірі. Конференция Лигасына Энцо Мареска екінші құрамды шығарып, командадағы тәжірбиесі аз ойыншыларға ойын практикасын алуға мүмкіндік беріп, негізгі күшті АПЛ-ға қойып жүр.

Ішкі турнирлерге келер болсақ Ағылшын Лигасының Кубогындағы жолын Челси аяқтап қойған (Ньюкаслға сырт алаңда 0:2 есебімен жол берді)

5. Қарсылас командаларда болып жатқан дағдарыс

Манчестер Ситидің жағдайы барлығымызға белгілі. Оның үстіне Гвардиола шәкірттері соңғы ойынында сырт алаңда Кристал Пэласпен тең түсіп, ұпай жоғалтты. Арсенал да Фулхэммен өткен дербиде бір ұпай еншіледі. Осының барлығы көктер үшін пайдалы болып, өздері үшін жоғары орында тұр.

Иә, Челси үшін осы маусымда Чемпиондар Лигасына қайта оралудың өзі үлкен жетістік болар еді. Дегенмен алда әлі ойындар көп. Қазір команданы АПЛ-ден жасырын үміткер деп айтушылар қатары көбейіп келе жатыр. Дегенмен балапанды күзде санайды демекші барлығы да маусым соңында белгілі болады.

 

Ұқсас мақалалар

Сан-Марино құрамасы Ұлттар Лигасының С лигасына көтерілді

Redaktor Yersport

Максим Самородов қатарынан үш ойында гол соқты

Эрик тен Хаг «Байерге» бапкер бола ма?