Қазақстан Премьер-Лигасының 4-туры аясындағы «Қайрат» пен «Астана» арасындағы орталық матч күтпеген нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды Yersport.kz сайты.
«Ел Класико» аталып кеткен текетіресте алматылықтар толық басымдық танытып, қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Есеп ойынның 10-минутында Жоржиньоның дәл соққысымен ашылды. Арада 12 минут өткенде Дастан Сәтпаев есеп айырмасын екі еселеді. Бірінші таймның соңына таман Жоржиньо тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, дубль авторы атанып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Үзілістен кейін де «Қайрат» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Екінші тайм бастала сала команда капитаны Александр Мартынович төртінші голды соғып, матч тағдырын толық шешіп тастады.
Осылайша, кездесу 4:0 есебімен аяқталып, «Қайрат» турнирлік кестеде көш басына көтерілді.
«Астана» футбол клубының негізгі қорғаушыларының бірі Владимир Калаица ойыннан бір күн бұрын күтпеген жарақат алғаны белгілі болды. Ойыналды түні Владимир Алматының қараңғы көшелерінің бірінде арыққа құлап түсіп, басын жарып алып, дәрігерлер жедел көмек көрсетіп басын тіккеннен кейін, ойынға қатыса алмады. Оның орнына орталық қорғаушы ретінде Дмитрий Шомко ойнап, өзінің ең нашар ойындарының бірін өткізді.
