YERSPORT спорт жаңалықтары сайты
Басты ақпаратЖаңалықтарҚазақстан Премьер-ЛигасыФутбол

Тарихқа жазылған финал: Суперкубок шежіресіндегі жаңа белес

Қайрат - Тобыл

Елордадағы Астана Арена стадионында өткен маусымашар матчта Қайрат пен Тобыл Суперкубок үшін тартысты бәсеке өткізді, деп хабарлайды Yersport.kz.

Кездесуге Орал қаласынан келген бас төреші Денис Тевящов қазылық жасап, ойынның жоғары қарқында, динамикалық сипатта өтуіне мүмкіндік берді. Төреші тарапынан матч ырғағын бұзатын артық үзілістер болмады, бұл қос командаға да өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге жол ашты.

Ойын басталысымен қостанайлықтар шабуылға иек артты. 6-минутта Луис Герра қарсылас қорғанысындағы сәтсіздікті ұтымды пайдаланып, есеп ашты. Ерте гол «Тобылдың» тактикалық жоспары дұрыс құрылғанын аңғартты. Дегенмен алматылықтар да тез ес жиды. 20-минутта Александр Мрынский айып алаңындағы қарбаласта дәл соққы жасап, таразы басын теңестірді.

Арада алты минут өткенде «Қайрат» алға шықты. Пенальтиден қайтқан допқа бірінші жеткен Яакко Оксанен суырылып шығып, есепті 2:1-ге жеткізді. Бірінші тайм дәл осы нәтижемен аяқталды. Алайда негізгі интрига үзілістен кейін басталды.

Екінші таймда қос команда да тәуекелге барып, өте жүйелі әрі қарқынды ойын өрнегін көрсетті. Алаңдағы күрес күшейіп, әрбір эпизод шешуші мәнге ие болды. Қорғаныста қателесуге болмайтын сәттер жиілеп, қақпашылар да бірнеше қауіпті соққыны тойтарды. Матч соңына қарай «Тобыл» бар күшін шабуылға жұмылдырды.

89-минутта Асхат Тағыберген айып соққысын шебер орындап, есепті 2:2-ге жеткізді. Бұл гол ойын тағдырын пенальти сериясына алып келді. Психологиялық тұрғыдан салмағы ауыр сәтте қостанайлық футболшылар дәлдік танытып, 5:4 есебімен басым түсті.

Осылайша «Тобыл» Суперкубокты жеңіп алып, өз тарихындағы төртінші жүлдесін еншіледі. Маусымды жеңіспен бастаған қостанайлық клуб алдағы чемпионатта да жоғары мақсат қоятынын аңғартты. Ал «Қайрат» үшін бұл матч жіберілген мүмкіндіктер мен қорытынды сәттердегі салқынқандылықтың жетіспеуі ретінде есте қалды.

Л. Н. Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғарғы мектебінің

Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы

Спорт журналистикасы-11 тобының студенті

Айзада Жидебай

Ұқсас мақалалар

Әли Әлиев КПЛ клубының бас бапкері болып ресми тағайындалды

Абылайхан Назымханов «Елімай» ойыншысы атанды

ҚПЛ клубы шабуылшымен келісімшартты ұзартты