UFC-дің жеңіл салмақтағы жеңіліп көрмеген чемпионы Илия Топурияның жұбайы Джорджина Баделл құқықтық қорғау мәселесінде қиындыққа тап болды, деп хабарлайды Yersport.kz сайты. Спортшыны қоқан-лоқы көрсетіп, зорлық-зомбылық жасады деп айыптаған Баделл бұл іс бойынша өзіне адвокат таба алмай отыр.
Испанияның Divinity басылымы журналист Мануэль Марласкаға сілтеме жасап хабарлағандай, қазіргі таңда бірде-бір заңгер бұл істі жүргізуге дайын емес.
Бұған дейін Илия Топурия ресми мәлімдеме жасап, өзіне тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарған еді. Сондай-ақ ол өз кінәсіздігін дәлелдейтін аудиожазбалар, хат алмасулар мен бейнематериалдар бар екенін мәлімдеді. UFC чемпионы енді Джорджина Баделлге қарсы бопсалау, дәлелдерді қолдан жасау және қаржыны жымқыру баптары бойынша қарсы талап-арыз түсіруді жоспарлап отыр.
Марласканың айтуынша, жағдай күрделі құқықтық сипат алып барады, себебі Топурия сотта өз ұстанымын қорғауға белсенді түрде дайындалып жатыр. Әзірге сот отырысының нақты күні мен талап-арыздарға қатысты егжей-тегжейлі ақпарат жарияланған жоқ.
