Ертең футзалдан Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы жауапты кездесулер өтеді. Алматылық «Қайрат» сырт алаңда испаниялық «Картахенаға» қарсы ойнаса, «Семей» футзал клубы өз алаңында франциялық «Этуальды» қабылдайды. Алғашқы матчта қазақстандық қос клуб та өкінішке қарай жеңіліске ұшыраған еді. Осыған байланысты Yersport.kz тілшісіне Қазақстан ұлттық құрамасының және «Қайрат» футзал клубының экс-ойыншысы Дуглас Жуниор екі ойынға қатысты өз болжамымен бөлісті.
— Чемпиондар лигасының жауапты кездесулері қарсаңында «Қайрат» пен «Семей» командаларының қазіргі ойындарын қалай бағалайсыз?
Менің ойымша, екі команданың да жартылай финалға шығу мүмкіндігі өте жоғары. «Семей» өз алаңында ойнайтындықтан, олардың мүмкіндігі сәл артық деп ойлаймын. Дегенмен «Қайрат» та өте мықты команда, сондықтан Испанияда жеңіске жетуге мүмкіндігі жеткілікті.
— Жалпы есептегі минималды айырмашылықты ескере отырып, қазақстандық клубтарға қандай тактикалық өзгерістерді ұсынар едіңіз?
«Картахена» өте мықты команда. Олар – Испанияның екі дүркін чемпионы, сондықтан ойын өте қиын болады. Бірақ менің ойымша, «Қайрат» 5-ке 4 форматында (қақпашыны алаң ойыншысымен ауыстыру арқылы) артықшылыққа ие бола алады.
— «Қайрат» Алматыдағы алғашқы матчта «Картахенадан» 1:2 есебімен жеңілді. Испания командасының қандай күшті жақтары «Қайратқа» қиындық тудыруы мүмкін және алматылық клуб оларды қалай бейтараптандыра алады?
Менің ойымша, «Қайраттың» құрамы өте сапалы. Егер ерекше атап өтетін ойыншыларды айтсам, Кайо Руис, Тұрсағұлов және әсіресе Эдсон. Егер олардың ойыны жүріп кетсе, матч тағдырын өзгерте алатын футболшылар.
