«Арсенал» ауттан доп лақтыру бойынша жетекші маман Томас Гроннемаркпен жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Yersport.kz сайты, The Times басылымына сілтеме жасай отырып.
The Times мәліметінше, «зеңбірекшілер» стандартты жағдайларды тиімдірек пайдалануды күшейтіп, Премьер-лигадағы чемпиондық күресте ұсақ артықшылықтардың өзін пайдаға жаратуды көздеп отыр.
50 жастағы Томас Гроннемарк «Арсеналмен» кеңесші ретінде жұмыс істейді. Ол команданың жаттығу базасына келіп, өз білімі мен әдістерімен бөлісіп жүр.
Бұрынғы дат футболшысы әрі жеңіл атлет 2010 жылы қапталдан допты ең алысқа лақтыру бойынша әлемдік рекорд орнатқан (51,33 метр). Кейін ол арнайы күрделі әдістеме жасап шығарды, оның аясында командалар аутты тек ұзақ лақтыру үшін емес, допты өздерінде сақтап қалу және шабуылды бастау құралы ретінде пайдалануды үйренеді.
Томас Гроннемарк бұған дейін «Брентфорд», дортмундтық «Боруссия», «Аякс», «Мидтьюлланд», «Юнион» және Жапониядағы «ДЖЕФ Юнайтед» клубтарына кеңес берген. 2018 жылы Юрген Клопп оны «Ливерпульдің» бапкерлер штабына шақырды. Мамандар қатарында ол командамен бірге 2019/20 маусымындағы чемпиондықты жеңіп алып, 2023 жылы мерсисайдтық клубтан кетті.
