Әлем чемпионы, мадридтік «Реалдың» және Франция құрамасының капитаны әрі шабуылшысы Килиан Мбаппе 27 жасқа толды, деп хабарлайды Yersport.kz сайты.
Францияның «ПСЖ» клубы бұрынғы ойыншысын құттықтап, әлеуметтік желіде мынадай жазба жариялады:
«Мбаппе 27 жасын атап өтуде! Туған күніңмен, Килиан!»
Франция ұлттық құрамасы да құттықтауын жолдады:
«Біздің капитанымызға — 27 жас. Франция құрамасындағы көрсеткіші керемет: 94 матч, 55 гол және 35 нәтижелі пас».
Ал мадридтік «Реал» қысқа ғана құттықтаумен шектелді:
«Туған күніңмен».
Еске салайық, 2024 жылдың қыркүйегінде Францияның Кәсіби футбол лигасы (LFP) «ПСЖ»-ны «Реалға» еркін агент ретінде ауысқан Мбаппеге жалақы мен бонус бойынша қарызын өтеуге міндеттеген. Қарыз сомасы — 55 миллион еуро.
Кейінірек Килиан Мбаппе LFP-нің тәртіптік комитетіне клубтың төлем жасамауына байланысты шағым түсіргенімен, бұл өтініш қабылданбады. Себебі «ПСЖ» лиганы Париж сотына берген еді.
Қаржылық талаптардан бөлек, Мбаппе клубты психологиялық қысым көрсетті деп айыптап, 2023 жылы жаңа келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлемек болды деп шағымданды. Сол кезеңде футболшы негізгі құраммен жаттығудан уақытша шеттетілген.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Мбаппе «ПСЖ»-дан 253 миллион еуро талап етсе, ал париждік клуб экс-ойыншысынан 440 миллион еуро өндіруді көздеген. Алайда 16 желтоқсанда Париждің еңбек даулары жөніндегі соты «ПСЖ»-ның талаптарын толықтай кері қайтарып, клубты Килиан Мбаппеге шамамен 61 миллион еуро төлеуге міндеттеді.
