YERSPORT спорт жаңалықтары сайты
ЖаңалықтарКүрес

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАС БАРЫСЫ

Қазақстан Барысы

Жетістікке әр адам әртүрлі жолмен жетеді. Бірі білім арқылы биіктерді бағындырса, енді бірі өмірдің қиындықтарына төтеп беру арқылы шыңдалады. Ал бүгінгі кейіпкеріміздің жетістігі спортпен тікелей байланысты.

Бұл — Қарағанды облысының Талды ауылында тұратын жас спортшы Төлеуғазы Аңсар. Оның жасы небәрі 14-те. Соған қарамастан, дзюдо мен қазақ күресінен жеткен жетістіктері айтарлықтай.

Аңсар 13 жасында қазақ күресінен кандидат спорт шебері (КМС) атағын алып, араға бір жыл салып дзюдодан да осы дәрежеге жетті. Ол тек спортта ғана емес, білімде де алда. Жақында ауыл мектептері арасында өтетін IQANAT олимпиадасының облыстық кезеңіне жолдама алды.

Жас спортшы бала күнінен ізденімпаз, білімқұмар әрі мейірімді болып өсті. Мінезі тұйық болғанымен, айналасындағы дүниеге деген қызығушылығы зор еді.

Ол спорт жолын 3-сыныпта бастады. Ауыл мектебінде күрес үйірмесі ашылатынын естіген соң, сыныптастарымен бірге қатысуға шешім қабылдайды. Басында отбасы оның бұл таңдауына сенімсіздікпен қарады. Себебі ол — үйдің кенжесі, ерке баласы болатын. Анасы да ауыр спорт түріне бергісі келмеді. Алайда Аңсар өз дегенінен қайтпай, жаттығуын жалғастырды.

Алғашқы уақытта жеңіс оңай келген жоқ. Ол талай рет жеңілді, жарақат алды. Бірақ соған қарамастан, спортты тастамады. Осындай сәттерде Мұхаммед Әлидің сөзі ойға оралады:
«Егер адам құлағаннан кейін қайта тұра алса, бұл физикалық емес, мінездің күші».

Оның табандылығы алғашқы нәтижелерін де алып келді. Аңсар алғашқы медалін «Томирис» спорт клубында өткен жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілікте жеңіп алды. Бастапқыда 28 кг салмақ дәрежесінде күрессе, қазіргі таңда 38 кг салмақта бақ сынап жүр.

Жаттықтырушысының айтуынша, оның салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары болған. Соның ішінде бір қарсыласымен тартысты бәсекесі ерекше есте қалған. Тіпті қатарластары оларды әзіл ретінде “Зеленский” және “Путин” деп атап кеткен. Кейін бұл лақап ат Аңсарға жарыстарда жиі айтылатын болды.

Аңсар тек күреспен шектелмейді. Бос уақытында футбол ойнап, қақпашы ретінде жақсы өнер көрсетеді. Дзюдодағы сүйікті әдісі — ханэ-гоши (жамбас арқылы лақтыру әдісі).

Оның кумирі — Елдос Сметов. Болашақта сол сияқты мықты спортшы болуды армандайды.

Бұл арманына Аңсар міндетті түрде жетеді деген сенім бар. Себебі нағыз мықты адам — құламайтын емес, құлағаннан кейін қайта тұра алатын адам.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы:
Рысбекова Майра

Ұқсас мақалалар

«Қайрат» маусымға дайын ба?

Redaktor Yersport

Яннис Адетокумбо: «Месси – нағыз талант, бірақ маған Роналду жақын»

Redaktor Yersport

Тен Хаг кезінде «МЮ» жеңіске жетіп, Англия Кубогының финалына шықты және Лига кубогын ұтты. Эрик кеткен соң команда 1/4 финалдан әрі аса алмады әрі 7 матчтың 4-еуінде жеңілді