«Ахмат» Түркияның Белек қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясында кезекті бақылау матчын өткізді, деп хабарлайды Yersport.kz.
Грозныйлық клубтың қарсыласы Ресейдің Бірінші лигасында өнер көрсететін Башқұртстанның «Уфа» командасы болды.
«Ахматтың» бас бапкері Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебекті негізгі құрамда алаңға шығарды. Ол матчтың 60-минутында ауыстырылды. Ал шабуылшы Максим Самородов кездесуді қосалқы құрамда бастап, екінші таймда алаңға шықты.
Ойын «Ахматтың» 1:2 есебімен жеңілуімен аяқталды. Қазақстандық футболшылар нәтижелі әрекеттерімен көзге түскен жоқ.
«Уфаның» ең жоғары жетістігі — 2016 жылы Ресей Кубогының жартылай финалы. 2019/2020 маусымынан 2024/2025 маусымына дейін команда РПЛ-де ойнады. Қазіргі таңда уфалық клуб ФНЛ турнир кестесінде 18 команданың ішінде 16-орында тұр.
Ғалымжан Кенжебек биылғы жылдың 10 қаңтарында РПЛ клубының құрамына ресми түрде қосылып, ОФК «Белградқа» қарсы жолдастық матчта (3:0) бір гол соғып, бір нәтижелі пас беріп үлгерді. Ал тағы бір қазақстандық Максим Самородов Грозный клубында 2024 жылдың жазынан бері өнер көрсетіп келеді.
«Ахматтың» Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиыны 24 қаңтарда басталып, 3 ақпанға дейін жалғасады. Бірінші және екінші жиын аясында грозныйлық команда үш матч өткізді: 13 және 18 қаңтарда сербиялық «Нови-Пазарға» (0:1) және ОФК «Белградқа» (3:0) қарсы, ал 29 қаңтарда македониялық «Вардармен» (1:0) ойнады.
