YERSPORT спорт жаңалықтары сайты
Басты ақпаратЖаңалықтарСұхбатФутболЧемпиондар ЛигасыЭксклюзив

Данияр Әділбек: Команданың бұл маусымды әдемі аяқтағысы келетіні анық

Данияр Әділбек

Ертең, алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар Лигасының жалпы кезеңінің өз алаңындағы соңғы ойынын бельгиялық «Брюггеге» қарсы өткізеді. Осы ойынға байланысты, «Қайраттың» бұрынғы баспасөз-хатшысы Данияр Әділбеков Yersport.kz сайтының тілшісіне өз пікірін білдірді.

  • «Қайраттың» ертеңгі «Брюггеге» қарсы матчтағы мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Топтағы нәтижелерді — бір ғана ұпай және турнир кестесіндегі орынды ескерсек, клуб үшін қандай нәтиже қолайлы болар еді?

Егер «Қайраттың» «Брюггеге» қарсы матчтағы мүмкіндігі туралы айтсақ, онда, шамасы, «Қайрат» та осы кезеңде кез келген қазақстандық клуб сияқты белгілі бір деңгейде үлкен белгісіздік күйінде тұр деуге болады. Себебі Қазақстанда қазір маусымаралық кезең. Сондықтан алдағы «Брюггеге» қарсы ойынды команда жаңа маусымға дайындық аясындағы кезекті спарринг матч ретінде қабылдап отырғаны анық. Сол себепті «Қайраттан» бұл ойында үлкен мүмкіндік немесе аса маңызды мақсат күту қиын.

Ал қолайлы нәтиже жайына келсек, мұнда қаржылық қырынан қарауға болады. Себебі тең ойын да, жеңіс те клубқа қосымша қаржылай табыс әкеледі. Мен бұл жағдайға дәл осы тұрғыдан ғана баға берер едім.

  • «Брюггенің» деңгейін қалай бағалайсыз және олар Астанаға қандай ойын үлгісін алып келуі мүмкін? Алғашқы минуттардан бастап агрессивті ойнау қаншалықты маңызды және қарсыластан қандай да бір тосынсый күтуге бола ма?

«Брюггенің» деңгейін бағалап, олардың Астанаға қандай ойын моделін алып келуі мүмкін дегенге келсек, менің ойымша, «Брюгге» өздерінің мықты қырларына сүйеніп, өз футболын ойнайды. Ашық айтсақ, бельгиялықтардан қандай да бір тосынсый күту қиын сияқты.

Мүмкін, жасанды алаң факторы мен Астанадағы суық ауа райы «Брюгге» үшін белгілі бір деңгейде қолайсыздық тудыруы ықтимал. Бірақ жалпы алғанда, команда соңғы матчтарда нәтижелік тұрғыда сәл қиындыққа тап болып жүр: Бельгия кубогында да, чемпионатта да соңғы үш ойында жеңіске жете алмады. Соған қарамастан, Чемпиондар лигасында олардың плей-оффқа шығу мүмкіндігі сақталып отыр, әрі бұл мүмкіндіктер «Қайратқа» қарағанда жоғары.

Менің ойымша, «Брюгге» Астанаға тек жеңіс үшін келеді. Ал «Қайрат» олардың ойынына не қоя алады? Бұл — жауабын біз матч барысында білетін сұрақ. Ал бұған дейін айтқан ойымды жалғастырсам, бұл ойын «Қайрат» үшін оқу-жаттығу жиындарының жалғасы іспетті. Сондықтан бәрі алматылықтардың мотивациясына байланысты болмақ.

  • Дастан Сәтпаев пен Азамат Тұяқбаевтың жоқтығы командаға қалай әсер етеді? Бұл клубтың шабуылдық ойын үлгісіне ықпал ете ме?

Дастан Сәтпаев пен Азамат Туяқбаевтың алаңға шықпауы командаға қалай әсер етеді дегенге келсек, менің ойымша, Азамат Туяқбаевтың жоқтығы айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені ол «Қайраттың» негізгі құрамындағы шешуші ойыншылардың бірі емес.

Ал Дастан Сәтпаевқа келер болсақ, бұл, әрине, алматылық клубтың бапкерлер штабы үшін үлкен мәселе, елеулі жоғалту. Дегенмен, қазіргі кезеңде Дастанның денсаулығын сақтау әлдеқайда маңызды деп ойлаймын. Әсіресе, алдағы жазда оны күтіп тұрған ауысымды және мансабындағы өзгерістерді ескерсек, мұның бәрі заңды шешім.

Оның жоқтығы «Қайраттың» шабуылдық моделіне әсер ете ме деген сұраққа келсек, біз мұны «Олимпиакосқа» қарсы матчта-ақ көрдік. Бұл жоғалту команданың ойынына анық әсер етеді: «Қайратқа» дәл Дастандай жылдам әрі мобильді шабуылшы жетіспейді. Ол алматылық клубтың құрамында сондай футболшы болды және болып қала береді.

Сондықтан Дастан Сәтпаевтың алаңда болмауы — сөзсіз, үлкен жоғалту. Енді бапкерлер штабы бұл «бас қатыратын» мәселені қалай шешетінін көру қызық болмақ.

  • «Қайраттың» «Брюггеге» қарсы матчтағы құрамы Чемпиондар лигасындағы алдыңғы ойындармен салыстырғанда өзгере ме? Мысалы, шабуылда Сәтпаевтың орнын кім басуы мүмкін және негізгі құрамға кімдер үміткер?

«Қайраттың» «Брюггеге» қарсы матчтағы құрамы Чемпиондар лигасындағы алдыңғы кездесулермен салыстырғанда қатты өзгереді деп ойламаймын. Өзгерістер, ең көбі, косметикалық сипатта болады. Алаңға ең мықты ойыншылар шығады, ал ойын барысында алмастырулар жағы белсендірек болуы мүмкін.

Бұл, ең алдымен, «Қайраттың» қазіргі физикалық дайындығына байланысты. Команда дәл осындай жоғары деңгейде көшбасшы футболшылардың 90 минут бойы еш қиындықсыз бірқалыпты ойнауына әзір емес.

Жалпы алғанда, команданы бірнеше ойыншының тастап кеткенін ескерсек, өзгеріс болуы мүмкін негізгі аймақ — алаң ортасы. Атап айтқанда, Офри Арадтың кетуінен кейін бұл позицияда біз алғашқы минуттардан бастап Олжас Байбек немесе Әділет Садыбековты көруіміз ықтимал.

Ал қалған позициялар бойынша, менің түсінуімше, «Олимпиакосқа» қарсы матчта шыққан құрамға шамалас негізгі құрам алаңға шығады.

  • Осы матчта жас ойыншылардың, соның ішінде жаңадан келгендер мен бұрын ойын уақыты аз болған футболшылардың рөлін қалай бағалайсыз?

Менің ойымша, «Брюггеге» қарсы матчта бұл футболшылар өз мүмкіндігін міндетті түрде алады. Себебі «Қайраттың» қосалқы құрамындағы легионерлер саны азайып, көптеген тәжірибелі ойыншылар команданы тастап кетті. Сондықтан жас жігіттер мұндай деңгейдегі матчтарда алаңға шығып, өздерін көрсетуге, дәлелдеуге дайын болуы керек.

Әсіресе, шабуылшы Мансұр Беркумановқа, жартылай қорғаушы Мұхаммед Әли Әбишаға және қорғаушы Әмірбек Базарбаевқа ерекше назар аударғым келеді. Бұл жігіттер алаңға шығады деп үміттенемін және өздерін өте жақсы қырынан көрсете алады деп сенемін.

  • Александр Заруцкий, Гиорги Зария, Эльдер Сантана, Жоау Пауло және Офри Арад сияқты ойыншылардың кетуі командаға қалай әсер етті? Бұл ойыншылардың алдында қандай міндеттер тұрды, ал олардың кетуінен клуб не жоғалтты?

Әрине, бұл ойыншылардың кетуі командаға қосалқы құрам тұрғысынан, тереңдік жағынан әсер етті. Мысалы, «Олимпиакосқа» қарсы матчта Зария қосалқы құрамнан ойнаса, Офри Арад алаңда болса, қазір Рафаэль Уразбахтинде мұндай опциялар жоқ.

Бұрын айтқанымыздай, жас ойыншыларды, дубль құрамнан ойыншыларды пайдалану керек болады. Дегенмен, Уразбахтиннің бапкерлер штабы осы жігіттерді «Қайрат» академиясынан жақсы біледі.

Ойыншылардың алдында тұрған міндеттерге келер болсақ, олар ең жоғары деңгейдегі тапсырмаларды орындауға тиісті болды және Қазақстан Кубогін қоспағанда, көбінесе өз міндеттерін орындады.

Команда олардың кетуінен не жоғалтты десек, ең алдымен тереңдікті жоғалтты. Олардың орнына жаңа ойыншылар келді, бірақ бұл футболшыларға өздерін көрсетуге, тәжірибе жинауға әлі уақыт керек.

  • Басшылық пен бапкерлер штабы ойыншылардың кету салдарын азайту үшін қалай жұмыс істеді? Бұл команданың стратегиялық шешімі болды ма?

Мұны, бәлкім, клубқа тікелей сұраған дұрыс болар. Ал мен сырттай қарап, өз ойымды айтсам, бұл қалыпты, футболдағы өмірдің бір бөлігі деп ойлаймын. Контрактілер аяқталады, біреуге жақсы ұсыныс келеді, біреуге контракт ұзартылады, біреуге ұсыныс берілмейді. Яғни, футболда әрқашан осылай болады: кейбір ойыншылар кетеді, кейбіреулері келеді.

Сұрақтан байқалғандай, бұл команданың стратегиялық шешімі болды ма дегенге келсек, менің ойымша, әрине, бұл команданың стратегиялық шешімі. Басшылық не істеп жатқанын жақсы біледі. Ал бұл шешімдердің қаншалықты дұрыс екенін алдағы маусым барысында немесе соңында бағалаймыз.

  • Биылғы маусымда «Қайратқа» қосылған жаңа ойыншылар кімдер және олардың ішінде «Брюгге» матчында ойынға әсер ете алатындары бар ма? Мысалы, Рикардиньо, Яакко Оксанен, Себастьян Себальос және Лукас Африко — олар қалай бейімделді және ертеңге дайын бола ма?

Жаңа ойыншылар Оксанен, Себальос және Лукас Африко туралы айтар болсақ, менің білетінім және бұрынғы әріптестеріммен сөйлескенде, бұл жаңадан келген ойыншылар «Брюгге» матчы кезінде «Қайратқа» көмектесе алмайды екен. Бұл бәрі Чемпиондар лигасының ережесімен байланысты: жаңадан келгендерді тек жалпы кезең аяқталғаннан кейін ғана тіркеуге болады. Яғни, Оксанен мен Лукас Африко қазіргі кезде «Қайрат» құрамында жаттығып жатыр, дайындалып жатыр, бірақ «Брюгге» матчында командаға нақты көмек көрсете алмайды.

  • Трансферлік терезе жабыларға дейін құрамды күшейту бойынша тағы да жоспарлар бар ма? Клуб сыртқы нарыққа мән береді ме, әлде жас қазақстандық футболшыларды дамытуға көбірек көңіл бөледі ме?

Бәлкім, бұл сұрақты тікелей алматылық клубтың басшылығына қою дұрыс болар, себебі менде «Қайраттың» трансферлік жоспарлары туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан мұны мен түсіндіре де, пікір айта да алмаймын.

  • Ертең қандай тактикалық схема көруге болады деп ойлайсыз? Ойынға допқа иелік етуге, жылдам шабуылдарға немесе қорғаныста ұйымдасқан әрекет пен контра шабуылдарға көңіл бөлінеді ме?

Менің ойымша, «Қайрат» өз футболын ойнайды. Бұл — клубтағы барлық деңгейдегі командалардың ойнайтын футболына тән: жасөспірімдер, жастар құрамасы, кәсіби команда барлығы осылай ойнайды. Яғни, бұл прессинг, қорғаныстан шабуылға тез ауысу. Басқаша айтқанда, «Қайрат» өзінің стилін сақтайды.

Физикалық дайындықты ескерсек, бұл қызық болады: алматылық клубқа осындай ойында қаншалықты күш жететіні байқалады. «Брюгге» де шамамен осындай стильде ойнайды, сондықтан бұл екі ұқсас стильдің қақтығысы болады. Физикалық тұрғыдан дайын тұрған команда, бәлкім, жеңіске жетеді.

Дегенмен, «Брюгге» ойыншылары «Қайратқа» қарағанда ойындық формада жақсы болуы мүмкін, сондықтан бұл жеңілдік бельгиялықтардың пайдасына болмақ. Ал жасанды алаң мен Астанадағы суық ауа райы факторларын да ескерген жөн — бұл да ойынға әсер етуі ықтимал.

Жақсы нәтиже үшін команданың көшбасшылары қандай қасиеттерді көрсетуі керек?

Мұнда, ең алдымен, «Қайраттың» қазіргі басты мақсаты қандай деген сұрақ туындайды. Қайталап айтсам, егер «Қайратқа» нәтиже қажет болса, онда көшбасшылар командасын жігерлендіреді, мотивация береді, серіктеріне жеңіске жету үшін шабыттандыратын сөздер айтады.

Ал егер «Қайратқа» ең маңыздысы жаңа маусымға дайындалу болса, яғни бұл матчтарды жаңа маусымға дайындық аясындағы спарринг ретінде қарастырса, онда мұндай мүмкіндікті бұрын ешбір қазақстандық клуб ала алмаған. Мысалы, «Брюгге» немесе лондондық «Арсеналға» қарсы ойнау — ерекше тәжірибе.

Сондықтан ең бастысы — команда алдағы ойындардан қандай мақсат күтіп отырғанын нақты білу. Сол мақсатқа сәйкес көшбасшылар өз рөлін көрсетеді.

  • Чемпиондар лигасындағы алдыңғы матчтардан кейін команданың моральдық рухын қалай бағалайсыз? Команданы өз алаңында жанкүйерлер алдында жарқын ойын көрсетуге не ынталандыруы мүмкін?

Менің ойымша, Чемпиондар лигасындағы алдыңғы матчтарды артта қалдыру керек. Бұл — өзгерте алмайтын нәтижелер, олар бұрын орын алған және оларды түзету мүмкін емес.

Команданы өз алаңында жарқын ойын көрсетуге не ынталандырады дегенге келсек, ең бастысы — бұл матч «Брюгге» қарсы өтетін Чемпиондар лигасы деңгейіндегі ойын болып табылады. Яғни, Астана Аренада Чемпиондар Лигасының гимні шырқалады, және ойын Қазақстанда өтеді, өз жергілікті стадионда болмаса да, қазақ жанкүйерлерінің, барша Қазақстанның көз алдында өтеді. Бұл футболшыларға өздерін жақсы қырынан көрсетуге қосымша мотивация береді деп ойлаймын.

Команданың турнирлік мотивациясынан бөлек, осы матчта клуб үшін қандай ерекше мотиваторлар немесе мақсаттар бар?

Мүмкін, мұнда екі факторды атап өтуге болады, мен бұларды бұрын да айтқанмын, енді қайталап өтейін.

Бірінші фактор — патриоттық. «Қайрат» Қазақстанда, Астанада ойнайды. Бұл матчты бүкіл ел көреді, «Қайратқа» жанкүйерлер қолдау көрсетеді, ойыншыларға жауапкершілік қосады. Бұл матч Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі соңғы үйдегі ойын болғандықтан, команданың бұл маусымды әдемі аяқтағысы келетіні анық.

Екінші фактор — қаржылық. Бұл құпия емес: жалпы кезеңде тең ойын да, жеңіс те клубқа сыйақы әкеледі. Футболда қосымша қаржы әрдайым пайдалы. Сондықтан «Қайратқа» сәттілік тілейміз, команданы «Брюгге» қарсы матчта қолдаймыз және үйдегі ойындарды Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде сәтті аяқтауға үміттенеміз.

Жақында Қазақстан ұлттық құрамасы «Астана-Аренада» Бельгия құрамасымен тең ойнағанын ескерсек, «Қайрат» да бұл елдің басқа командасына қарсы оң нәтиже көрсетеді деп сенеміз.

Ұқсас мақалалар

Никита Бояркин ҚХЛ Жұлдыздар матчына қатысады

Redaktor Yersport

Қазақстандық миллиардердің клубы Англиядағы жеңіліссіз сериясын үзді

Ким Мин Джэнің соққан голы «Баварияға» үш ұпай сыйлады

Redaktor Yersport