Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы қақпашысы Алмат Бекбаев туған қаласының командасы — қызылордалық «Қайсардың» алғашқы оқу-жаттығу жиынына шақырылған футболшылар туралы Yersport.kz тілшісіне пікір білдірді.
— Шынымды айтсам, жас ойыншылардың көбін танымаймын екен. Елжасты білемін, тағы бір-екі футболшыны ғана танимын. Құрам өте жас. Қызылорданың бюджеті шектеулі болған соң, жас ойыншыларға басымдық беруді жөн көрген сияқты. «Қайсарға» сәттілік тілеймін. Осындай құраммен команда тек чемпионатта сақталып қалуды ғана мақсат ететіндей әсер қалдырады, — деді Алмат Бекбаев.
Еске сала кетейік, қызылордалық «Қайсар» кеше жаңа бас бапкер Андрей Ферапонтовтың жетекшілігімен Қызылорда қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастады. Жиынға жергілікті және қазақстандық жас футболшылар қатысуда. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіліп жатқан ойыншылар қаңтар айындағы дайындық кезеңіне шақырылатын болады.
Сондай-ақ, кеше келісімшарттарының мерзімі аяқталуына байланысты Александр Мокин, Ерсұлтан Төреқұл, Марлен Айманов, Дидар Жалмұқан, Карам Сұлтанов және Никита Губарев «Қайсар» клубының қатарынан кеткені белгілі болды.
