Милан қаласында өткен қысқы Олимпиадада қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ел тарихында жаңа бет ашты. 21 жастағы спортшы еркін бағдарламада бес төрттік секіруді мінсіз орындап, екі бағдарлама қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, сенімді түрде алтын медальге қол жеткізді. Бұл – Қазақстан үшін тарихи жеңіс, ал Шайдоров үшін мансабындағы ең жоғары жетістік болды.
Олимпиада чемпионының жеңісі ел мерейін асқақтатып, оның жетістігіне құрмет көрсету шаралары күннен күнге артуда. Мемлекет тарапынан да, бизнес өкілдері мен өнер жұлдыздары тарапынан да спортшыға алғыстар мен сыйлықтар ағыла бастады.
Отандық құрылыс компанияларының бірі чемпионға Астанадан үш бөлмелі пәтер табыстайтынын хабарлады Сондай-ақ, inDriver компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский Михаилдің әкесі Станислав Шайдоровқа Audi Q8 автокөлігін тарту етті (ұлының шетелде жаттығуы үшін Стас мырза өзінің жалғыз көлігін сатқан).
Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген де тарихи жеңіске үн қосып, чемпион елге оралған соң оған жеке автокөлік сыйлайтынын жариялады. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Олимпиада чемпионы ретінде Михаил Шайдоров мемлекеттен 250 мың доллар көлемінде сыйақы алады.
